Украина президенті Владимир Зеленский премьер-министрдің бірінші орынбасары Юлия Свириденкога елдің министрлер кабинетін басқаруды ұсынды. Мұны дүйсенбі күні Свириденкоамен кездескеннен кейін Зеленскийдің өзі мәлімдеді.
"Біз Украина экономикасының әлеуетін нығайтатын нақты шараларды, халықты қолдау бағдарламаларын кеңейтуді және қару-жарақтың отандық өндірісін ауқымды түрде ұлғайтуды талқыладық. Осы мақсатта біз Украинада атқарушы билік жүйесін трансформациялауды бастаймыз. Мен Юлия Свириденкога Украина үкіметінің басшысы болуды және оның жұмысын түбегейлі жаңартуды ұсындым. Жаңа үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын жақын арада ұсынуын күтемін", — деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
Юлия Свириденко — Украина премьер-министрінің бірінші орынбасары әрі экономика министрі. Ол АҚШ-пен қалпына келтіру жөніндегі бірлескен инвестициялық қор құру туралы келіссөздер жүргізген. Қор жаңа пайдалы қазбаларды өндіруге берілетін лицензиялардан түскен табыстар есебінен қаржыландырылып, Украина мен АҚШ тарапынан тең негізде басқарылмақ. Қор құру туралы келісімге Свириденко қол қойған.
14 шілде күні кешке жариялаған үндеуінде Владимир Зеленский елдің қазіргі премьер-министрі Денис Шмыгальдің кандидатурасын Украина қорғаныс министрі қызметіне ұсынатынын хабарлады. Президенттің айтуынша, ең жоғары деңгейдегі ресурстарды, күш-жігер мен жауапкершілікті талап ететін қорғаныс саласына қазіргі жағдайда аса зор тәжірибеге ие Шмыгаль лайықты жетекші болмақ.
Украина үкіметіндегі ауыс-түйіс жасалатыны туралы хабарлар бірнеше күн бұрын пайда болған. БАҚ дереккөздері қазіргі премьер-министр Денис Шмыгаль қорғаныс министрі қызметіндегі Рустем Умеровтың орнына баруы мүмкін, ал Умеров АҚШ-тағы Украина елшісі болмақ деп айтқан.
"РБК Украина" басылымы кейбір министрліктерді біріктіру және үкіметтегі өкілеттіктерді қайта бөлу жоспарланып отыр деп жазған. Үкіметтегі ауыс-түйісті президентті жақтайтындар басым дауысқа ие Жоғарғы Рада бекітуге тиіс.