Әзербайжан президенті мен Армения премьер-министрі Әбу-Дабиде кездесті

Илхам Әлиев (оң жақта) пен Никол Пашинян. Әбу-Даби, 10 шілде, 2025 жыл.

10 шілде күні Әбу-Дабиде Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның кездесуі өтті.

Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі "сындарлы өткен кездесуде екі ел арасындағы бейбіт күн тәртібіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды" деп хабарлады. Онда тараптар негізгі назарды мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесіне аударғаны, екі елдің басшылары осы бағытта қол жеткізілген прогресті оң бағалап, тиісті мемлекеттік комиссияларға бұл жұмысты жалғастыруды тапсырғаны айтылған.

Бұған қоса, Зангезур дәлізін ашу және дамыту, екі ел арасында бейбіт келісімге қол қою және басқа да маңызды мәселелер талқыланған.

Арменияның сыртқы істер министрлігі де шекараны делимитациялау саласында ілгерілеу барын атап өтіп, сенімді нығайту мен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру мақсатында келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін растады.

"Тараптар арасындағы екіжақты келіссөздер – қалыпқа келтіру процесіне қатысты барлық мәселелерді талқылаудың ең тиімді форматы, және де осы негізге сүйеніп, нәтижеге жетуді көздеген мұндай диалогты жалғастыру туралы шешім қабылданды", – делінген Армения СІМ мәлімдемесінде.

  • Әлиев пен Пашинян бұған дейін 2025 жылы мамырда Тиранада өткен Еуропалық саяси одақ саммитінде кездескен еді. Наурыз айында тараптар бейбіт келісім мәтіні бойынша уағдаластыққа келді, алайда бірқатар пікір қайшылығына, соның ішінде аумақ мәселелері мен Қарабақ жанжалын реттеумен айналысатын ЕҚЫҰ-ның Минск тобының рөліне байланысты келіспеушіліктер болуына байланысты әлі ол келісімге ресми түрде қол қойған жоқ.
  • Халықаралық құқық бойынша Қарабақ – Әзербайжанның бөлігі саналады. Бірақ аймақтың басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бойы өзін-өзі жариялап алған «Таулы Қарабақ республикасы» билігінің бақылауында болды. 2020 жылы күзде болған 44 күндік соғыста Баку аймақтың бір бөлігін өз бақылауына қайтарып алған. Ал 2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан Қарабақта әскери операция жүргізіп, нәтижесінде халықаралық қауымдастық мойындамаған армян республикасының дәурені аяқталды.
  • Шамамен 120 мың адам, негізінен армян ұлтының өкілдері, Әзербайжан билігі қуғын-сүргін жасайды деген қауіппен үй-жайын тастап, үдере көшіп кетті. Баку армян тұрғындарды Қарабақта қалуға және Әзербайжан азаматтығын қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, Әзербайжан билігі Қарабақта қалуды ұйғарған армяндардың барлық құқықтары сақталады деп кепілдік беретінін мәлімдеді.